🔍Еріктілікпен қатар медицина университетінің студенті болу қандай?
Менің есімім – Мұхтарова Аяжан, мен Семей медицина университетінің «Жалпы медицина» мамандығының 3231-топ студентімін.
Медицина университеті қабырғасында білім алу, оқу – қиын да, әрі қызықты. Себебі бұл оқуға, біздің оқу орнына түсу көптеген студенттердің арманы деп айтсақ артық та емес. Мен үшін Семей медицина университетінде білім алу – ең үлкен мәртебе және зор мақтаныш. «Оқу-инемен құдық қазғандай» демекші, бұл салада жүріп оқу, қызмет атқару-оңай емес. Дегенмен де, осы оқу орнында «Оқимын, халқыма қызмет етемін әрі елімнің дамуына өз үлесімді қосамын» деген студенттің, болашақ маман иесінің, келешекке ұмтылуына ешқандай қиындық кедергі келтірмейтіні сөзсіз. Себебі біз білетіндей, бұның бәрі адамды жетілдіреді, одан әрі дамытады. Кәсібіміздің өзі тікелей халықпен байланысты, басты міндет-адамдардың денсаулығын сақтау, оларға жәрдем беру болғандықтан, олармен жұмыс жасау, біз үшін әр уақытта да керек және маңызды болып саналады. Ал осы тұрғыда, әлі де толықтай мамандық иесі болмасақ та, бірақ сол жағынан дамуымызға үлесін беретін, әрине ол – еріктілік. 2020 жыл-«Еріктілер жылы» деп жарияланғандай, қазіргі таңда жастар арасында еріктілік туралы түсінік терең қалыптасқан. Ал ерікті болу үшін керегі-мейірімділік пен кең жүрек қана. Әрине, мұнымен қатар ерікті болуға ниет және уақыт та қажет. Дегенмен де, еріктілікпен айналысып, бәріне үлгеруге тырысатын студенттер саны күн сайын артып келеді. Яғни, бұл-білім мен еріктілікті қатар алып жүруге негіз бола алады. Жалпы айтқанда, студент, сонымен бірге ерікті болу-тек қана алға ұмтылуға жетелейді. Өйткені, қолыңнан келгенше басқаларға қол ұшын созу, басқалар үшін пайдалы екеніңді сезіну, қоғамның дамуына өз септігіңді тигізу – әрқашан да адамды қанаттандырады деп ойлаймын. Осы тараптан ерікті ретінде дамуымызға мүмкіндік беретін, ерікті және студент арасындағы көпірдің байланысына негіз болып отырған, ол – біздің университет. Біздің білім ошағымыз еріктілердің атқарған игі істерімен әрдайым мақтанады. Елімізде болып жатқан індетке байланысты күресте еріктілердің университетпен сабақтасып атқарып жатқан істері өте көп. Осының барлығы кейінгі ұрпаққа үлгі-өнеге. Сол себепті болашақ ақ халатты абзал жандардың бойына мейірімділік сияқты ізгі қасиеттерді қалыптастыруда еріктіліктің маңызы өте зор. Ерікті болу-әркімнің қолынан келетін адами қасиет.
________________________________________
Құрметті 2020 талапкері дұрыс таңдау жаса! Армандаған оқу орны – SMU таңда!