Қазақстан Республикасын мекендеген ұлттар мен ұлыстар достығы және бірлігіне арналған «Бір шаңырақ астында» тақырыбында Семей медицина университетінің жалпы дәрігерлік практика кафедрасының ассистенті, Алдиярханова Мадина Сембаевна 627- топ кураторы интерндерімен бірге салтанатты жиын өткізді.
Мерекемізде біз 6 ұлт өкілдерінің басын қостық: қазақ, орыс, украин, өзбек, тәжік, индус. Қазақстан Республикасын мекен еткен 130-дан астам ұлт өкілі күні бүгінге дейін ынтымақтастыққа, бір үйдің баласындай тату-тәтті жарасымды өмір сүріп келеді. Жүзі басқа болғаны мен жүрегі бір, тілі басқа болғанымен тілегі бір, мақсат-мүддесі ортақ, бірлігі мықты, достығы берік ұлттар, қазақ елінің салт-дәстүріне, ұлттық құндылықтарына құрметпен қарайды, сондай-ақ қазақ халқының қарапайымдылығын, қонақжайлылығын, бауырмалдылығын ерекше бағалайды, бастысы – өздері қоныс тепкен Қазақстан жерінің барлық ұланымен ауыз бірлікте, туыс болуды көздейді.
Салтанатты іс- шара қазақтың киелі домбырасы сүйемелдеуімен бірге «Көңіл толқыны» күйімен өзге ұлт өкілдерінің Қазақстан жеріне деген сүйіспеншілігін көрсетті.
«Қазақта бірлік болмай, тірлік болмайды» ‒ деген ұлағатты ұғым бар. Ендеше елімізде бейбіт өмір сүріп жатқан ұлттар мен ұлыстар өкілдерінің татулығы артып, қазақ елінің өркендеуіне өз үлесімізді қоса берейік.