Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) бастамасымен 1997 жылдан бастап 20 қазанда остеопорозбен күрес күні атап өтіледі. Бұл шараның негізгі мақсаты – халық арасында остеопороз ауруның алдын алу шараларын күшейту және халықтың осы ауру жайындағы сауаттылығын жоғарылату. БДҰ бойынша остеопороз барлық жұқпалы емес аурулар ішінде 4-ші орында. Қазақстан Республикасында (ҚР) ОП таралуы 22% құрайды және түрлі аймақтарда 14%-дан 31,7%-ға дейін өзгереді. Дүниежүзінде әрбір 3-ші әйел, әрбір 5-ші ер адам остеопороздың нәтижесінен сүйек сынуын бастан өткереді. Жыл сайын әлемде 200 миллионға жуық әйел аталған ауруға шалдығады.
Остеопороз – грек тілінен аударғанда “сынғыш сүйек” деген мағынаны білдіреді. Бұл адам сүйегі тығыздығының төмендеуімен сипатталатын ауру, ал оның нәтижесі аяқ-қол мен омыртқа сүйектерінің жиі сынуына әкеледі.
Остеопорозға негізгі әсер етуші факторлар: шылым шегу (шылым шегетіндерде сан сүйегі мойнының сынуын 1,8 есе жоғарылатады), ИМТ төмен болуы, витамин Д жетіспеушілігі, жиі құлау, физикалық жүктеменің аз болуы, тамақтану бұзылысы және т.б.
Остеопорозды дұрыс диагностикалаудың «алтын стандарты» – рентгендік денситометрия. Сүйек денситометрлерінің көмегімен сүйек тінінің тығыздығы өлшенеді және остеопороз анықталады, оның сатысын білуге мүмкіндік бар. Тамақтану тұрғысынан остеопороздың алдын алу рационда екі элемент — D витамині және кальций болуымен негізделеді. Бұл дуэт әрқашан да бірін-бірі толықтырып, қатар жүріп отыруы орынды. Құрамында кальций бар өнімдер адам баласының мәзірінде жастайынан бастап үнемі болуы қажет.
Остеопороз біздің заманымыздың «үнсіз эпидемиясы». Сондықтан оның алдын алу шараларын халық арасында насихаттап, салдарын және болжамын түсіндіру керек.
Бүгінгі Дүниежүзілік остеопорозбен күрес күнін дәріптей отыра, алғаш ревматологияға қадам басуға мүмкіндік берген және әрбір ревматологиялық ауру жайлы түсінік қалыптастыруға көмектескен, ерекшелігімен қиындығын бірдей түсіндірген ревматология және жұқпалы емес аурулар кафедра меңгерушісіне және ұстаздарына алғысымызды білдіреміз!
Ревмотология және жұқпалы емес аурулар кафедрасы, медицина мектебі,4 курс 4119 топ