Т. А. Назарова атындағы патологиялық физиология кафедрасында 11.01-15.01.2021 аралығында қысқы мектеп өз жұмысын бастады. Қысқы мектеп – бұл “Жалпы медицина” мамандығының 3-курс студенттері үшін демалыс уақытында тегін жүзеге асырылатын қосымша білім беру қызметтерінің жүйесі. Қысқы мектептің тақырыбы: “COVID-19 өзекті мәселелері”. Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты шектеулер болғандықтан, іс-шара толығымен қашықтықтан өткізілуде.
Қысқы мектептің мақсаты – студенттердің патологиялық физиология бойынша білімдерін кеңейту және тереңдету. Сабақтар практикалық сабақтар түрінде өтеді. Кафедра қосымша білім беру бағдарламасының 3 кредитіне арналған тақырыптық жоспар әзірледі.Қысқы мектеп тақырыбы студенттердің шынайы қызығушылығын тудырды. Сабақтың алғашқы күні қатысқан студенттер саны 62 адамға жетті. Тақырыптың өзектілігі күмән тудырмайды. Қатысушылар тақырыпты талдап болғаннан кейін оқытушыға белсенді түрде сұрақтар қойды. Қатысушыларға Covid-19 патогенезі ерекше қызығушылық тудырды. Қысқы мектеп аяқталғаннан кейін оқушыларға электронды түрде сертификаттар беріледі.
Патологиялық физиология кафедрасы қысқы мектеп студенттерінің алған білімдері клиникалық кафедраларда көрініс табатындығына сенім білдіреді.
Т.А. Назарова атындағы патологиялық физиология кафедрасы