Мен, Бекмұханбет Мөлдір Айдынқызы, Семей медицина университетінің «Жалпы медицина» факультетінің 2 курс студенті және көркемөнерпаздар клубының белсенді мүшесімін.
Аталған университетте оқу «дәрігер» мамандығын таңдаған әр түлектің арманы болар. Жалпы мамандыққа құлшыныс бала күннен қалыптасады. Менің осы мамандықты таңдауыма себепкер болған бала күнгі дәрігерім Клара Шалабаева. Клара Зұлхарнайқызы – Алматы қаласы №5 клиникалық емхананың дәрігері, медицина ғылымдарының докторы, профессор. Ол кісінің бейнесі, дәрігерлік, аналық мейірімі маған түрткі болды деп ойлаймын.
Бала күнгі арман есейе келе мақсатқа ұласты. Адам өмірінің арашасы, қиын да қызықты «медицина» саласына таңдауымды жасадым. Осы оқу орнына түсу, мен үшін оңайға соқпады. Қаншама ұйқысыз түндер мен шаршаған күндер өзінің жемісін берді. ҰБТ нәтижесі бойынша 125 балл жинап, асқақ арманның орындалу сатысына шықтым. Алғашқы таңдауым да SMU еді.
Құжаттарымды алып Семейге жол тартып университет табалдырығын аттағанда өзімді шексіз бақытты санадым. Армандар орындалады дегенді іштей сезіндім.
Үздік университет студенті атанып, нағыз қызық пен қиыншылық басталып кетті. Университеттің белсенді жастарды қолдау, жан-жақты коммуникативті болуына ықпал жасайтын жобалары мені қызықтырды. Мектептегі белсенділігімді «Кемел» театр бөлімінде көрсетуге ат салыстым. Білім мен білікті, мәдениет пен өнерді қатар алып жүру бүгінгі жас толқынның міндеті деп білемін. Білімді, сауатты адамдар ХХІ ғасырдың нағыз қозғаушы күші. Солардың бірі болып, кірпіш болып қалану өз қолыңда!
Әрбір адамның айқын мақсаты болса ешбір қиындыққа мойынсұнбайды. Жүрек қалауы орындалады.
Әр адам өз өмірінің суретшісі. Жас дос, SMU-ге кел. Армандар орындалады!