2018 жылғы 1 қараша күні Абай атындағы театрда «Медициналық білімді, ғылымды және практиканы жаңғыртудағы заманауи инновациялық әдістер» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференцияның салтанатты ашылу өтті. Семей медицина университетінің 65-жылдығына арналған конференцияға ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің жауапты хатшысы Б.Т. Төкежанов, Абай облысы әкімінің орынбасары Ә.Б. Нүсіпова, ҚР ҰҒА академигі, Қазақ онкология және радиология ғылыми-зерттеу институтының директоры Д.Р. Қайдарова, ғалымдар, еліміздің және шетелдің медицина мамандары қатысты.
ҚР Денсаулық министрлігінің атынан жауапты хатшы Болат Төкежанов құттықтау сөз сөйледі. Болат Тұрғанұлы атап өткендей, 65 жыл ішінде университет 26 мыңнан астам мамандарды дайындады. Түлектер Қазақстанның түкпір-түкпірінде, Жапония, АҚШ, Пәкістан, Үндістан, Палестина, Судан, Морокко, Иордания, Израиль, Сирия, Ресей және басқа елдерде де табысты еңбек етуде. Олардың арасында 7 жоғары оқу орын ректоры, 26 денсаулық сақтау басқарма басшысы, 85 Денсаулық сақтау министрлігі қызметкері, 284 бас дәрігер, 383 доцент пен профессор бар. Жоғары оқу орнында 249 ғылым кандидаты, 65 ғылым докторы, 69 PhD докторы және 213 магистр дайындалды. Бүгін де университет қарқынды дамуда. Жоғары оқу орнының материалдық-техникалқ базасы жақсарып, жаңа білім беру технологиялары енгізілді. Түркия, АҚШ, Оңтүстік Корея, Литва, Германия, Израиль елдеріндегі университеттермен әріптестік қатынас орнатылған.
Абай облысы әкімінің орынбасары Әсем Нүсіпова облыс әкімі Даниал Кенжетайұлы Ахметовтың құттықтау сөзін жеткізді. Даниал Ахметұлы университеттің профессорлық-оқытушы құрамы мен студенттерін мерейтоймен құттықтап, жоғары оқу орнының жинаған кәсіби тәжірибесі ертеңге сеніммен қарауға мүмкіндік беретінін атап өтті.
Түркия Республикасы Башкент университеті медицина факультетінің деканы, профессор Халдун Мүдерісоғлы аталған конференцияға қатысу үлкен мәртебе екенін жеткізіп, екі университет арасындағы стратегиялық әріптестік ғұмырлы да нәтижелі болатынына сенім білдірді.
Университеттің 65-жылдық мерейтойымен құттықтағандар арасында Астана қаласының Онкологиялық диспансерінің бас дәрігері М.Е. Төлеутаев, Семей қаласы әкімінің орынбасары Н.В. Шарова, Қазақ Ұлттық жаратылыстану ғылымдары академиясының академигі Т.Қ. Раисов, университеттің еңбегі сіңген профессоры Р.Л. Иванова, АҚШ Сент-Луис университеті ортопедиялық хирургия департаментінің директоры Ж.М. Құлжанов та болды.
Университеттің бірқатар қызметкерлері «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін», «Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау ісінің үздігі» төсбелгісімен» төсбелгілерімен, ҚР Денсаулық сақтау министрінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен, ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Еңбек ардагері» медалімен, Семей қаласы әкімінің Құрмет грамотасымен, Алғыс хатымен марапатталды.