27.04.18 күні Семей Мемлекеттік Медицина Университеті қабырғасында Елордамыз Астана қаласының 20 жылдық мерейтойы құрметіне «Астанам!Арман қалам,Асқақ ордам!» атты дүбірлі ақындар сайысы өткізілді.
Елбасының көреген басшылығымен және көрсеткен бағытымен бой көтерген бір кездегі құрылыстар алаңы қазіргі күні Сарыарқаның сары белін қайыстырып, алып шаһарға айналды. Осындай жаңа қалаға, тәмам жұртты көркімен тамсандыратын Елордамызға да 20 жылдың жүзі болыпты.
Осылайша, небәрі 20 жылдың ішінде Астанамыз әлем жұртшылығы таныған айбыны асқақ, шырайлы шаһарлардың қатарына қосылды. Елорда еліміздің ең ірі саяси және экономикалық, һәм мәдени орталығына айналып отыр. Ғасыр ғажайыбы атанған бұл қала дүние жүзіне зиялылық нұрын төгетін, аталы сөз айтылатын орталыққа айналды. Сол себепті де тоғыз жолдың торабындағы Еуразияның сәулетті қаласы болып саналады.
6-шілде Қазақстан Республикасы астанасының туған күні. Астана күні – барша қазақтың тойы, көпке ортақ мереке! Бұл біздің еліміздің жаңа орда тігіп, ақ сарай салдырған күні, ұлы өзгеріспен әлемді таңдандырған күн, қазақ сахарасының даңқын шығарып, шамшырақ жандырған күн, жасампаз ел ретінде есімін мәңгі тарихта қалдырған күн! Сол үшін де бұл мерекенің мәні терең, айрықша қастерлі.
Айтулы мерекеден біздің университетіміз де тыс қалған жоқ. «Басқару мектебі» ұйымының бастамасымен Елорда туған күні құрметіне «Астанам!Арман қалам,Асқақ ордам!» атты ақындар мүшәйрасы және мәнерлеп оқу сайысы өткізілді. Алғы сөзді ұйым жетекшісі Рыманов Евгений Викторович алып, барша қатысушыларға сәттілік тіледі. Екі бағыт бойынша өткен сайысымыз, екі кезеңнен тұрды. Алғашқы кезеңде ақындар Астанаға арнауларын паш етсе, өлең оқушылар Елорда туралы белгілі ақындардың өлеңдерін жатқа айтып берді. Екінші кезең екі бағыт үшін де еркін тақырыпта өтті. Сайыс барысында университетімізде талантты жастардың өте көп екеніне тағы бір мәрте көз жеткіздік. Әділ қазылар шешімі бойынша «Мәнерлеп оқу» сайысында бірінші орынға Жалпы медицина факультетінің 234 топ студенті Болатқанов Мерей, екінші орынға 115 топ студенті Манешова Зарина, үшінші орынға 224 топ студенті Ермекова Аида ие болды. «Ақындар» сайысында бірінші орынды 142 топ студенті Кеңесова аяулым,екінші орынды 335 топ студенті Токенова Мадина, үшінші орынды 132 топ студенті Бижуманова Айдана иемденді. Поэзия мерекесі соңында студенттік ректор Өртбаев Ернұр Ерланұлы ұйымдастырушыларға алғысын білдіріп, «Астана мерекесіне әр өңір қыруар қаржы жұмсап, сыйлық тарту етіп жатыр,бірақ,ең бағалы сыйлық – ол сіздердің жалынды жырларыңыз. Өнерлеріңіз өрге жүзе берсін!» деп өзінің ақжарма тілегін білдірді.
Астана болашақтың қаласы. Оның алдағы уақытта одан әрі гүлденіп, көріктеніп, асқақтай түсеріне еш күмән жоқ. Қазақстан елінің басты ордасы әлемнің назарын өзіне аударып, талай ізгілікті шаралардың негізгі бастамашысы, ұйытқысы бола беретіні анық. Тек Астананы арқау еткен бүгінгі ел ол арқылы Тәуелсіздігіміздің туын тік ұстайды. Ендеше Астананың туған күнін көпшілік болып атап өту, ел ретінде іргемізді нықтауда, ұлт ретінде ұйысуда берері мол игілікті шаралар болып табылмақ.
Мақала авторы: «Басқару мектебі» ұйымының пресс-секретарі Табашникова О